Аса Қамқор, ерекше Рақымды Алланың атымен бастаймын Алла тағала құранда: «Ескерт! Өйткені ескерту мүміндерге пайда береді», - деген. (әз-Зарият сүресі, 55 - аят) ӘЙЕЛДЕР ҚАУЫМЫНА ЕСКЕРТУ Аллаһ Тағала мүмін әйелдерге хиджаб киюді құлшылық етіп берді. Кім оған амал етсе, соған орай оған сауап беріледі. Ал кім оған амал етпесе, онда ол Аллаһтың жазасына лайық болады. Сондықтан хиджабты шешу адамдардың адамгершілік құндылықтарының жойылуына себеп болатын үлкен күнәлардан болып саналады. Демек, мүмін әйелдер Аллаһ және Оның елшісі Мұхаммедті (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тыңдап, хиджабта болуды ұстансын! Аллаһ Тағала: «Аллаһ және Оның елшісі бір іске үкім етсе, мүмін ер және мүмін әйел үшін өздерінің істерінде ерікті болуларына, (яғни Аллаһ және Оның елшісінің үкімін талқыға салуларына) болмайды. Кім Аллаһқа және Оның елшісі Мұхаммедке бойұсынбаса, онда ол ашық адасуда» - деген. Алла тағала құранда: «Ей, Мұхаммед! Мүмін әйелдерге де айт: “(бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ, зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін... Және де көрік- зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін...», - деп бұйырды. (Нұр сүресі, 31-аят) Хадис шариф: «Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткені: Әбу Бәкір қызы Әсма (Алла ол екеуіне разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын), қасына жұқа киіммен кіріп келеді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын), оған қарап: « Әй, Әсма! Қыз бала балиғат жасына жеткен күннен бастап, мыналардан басқа жерлері көрінбеуі керек», – деп, беті мен екі қолын (білезігіне дейін) көрсетті». (Әбу Дауд) Ерте заманда адамдық қасиеттен айрылмаған кез келген қоғамда әйелдің еркекке еліктеуі, не еркектің әйелге еліктеуі мүлде қабыл алынбайтын шектен шыққан күнә саналатын. Алайда қазірде Батыстық сән мен салтанатқа еліктеген кейбір әйелдер ерлерге тән киімдерді киіп, ерлерше жүріп-тұратын болды. Сондай-ақ, кейінгі кездері Лұт қауымының ізбасарлары да бой көрсете бастады. Мұның барлығы Құдай Тағаланың қаһарына ұшырататын қылықтар. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла әйелдерге ұқсап еліктейтін ерлерге, ерлерге ұқсап еліктейтін әйелдерге лағынет айтты», – деген. (Бухари) Қазақ салтында әйел де, ер де жұрт алдында киімсіз, не жартылай денесін көрсетіп жүрмеген. Алайда қазіргі заманымызда әйел затының кіндігін, омырауы мен денесінің әурет жерлерін ашып жүруі, көшеде шашын жайып жүруі үйреншікті жайтқа айналды. Керісінше, әуретін жауып, мұсылманша киініп жүретін иманды қыз-келіншектерге кінә артылып, күстана етілетін болды. Мұсылман шариғаты әйелдердің әуреттерін жаппай, ашық-шашық жүруіне тыйым салады. Ондай әйелдер Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) заманында мүлде болмаған. Сондықтан олар жайлы уахи арқылы ғана біліп, олардың тозақтықтар екендігін ескертіп өткен. Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Тозақтықтардың екі түрін көргенім жоқ (олар ақырзаман жақындағанда болады). Бірі – қолдарында сиырдың құйрығындай қамшылары бар, соларымен адамдарды ұратын топ. Екіншісі – жартылай жалаңаш киінген, қылымсып, мүләйімсіген, бастары түйенің өркешіндей қисайған әйелдер тобы. Олар жұмаққа кірмейді, иісін де сезбейді. Жұмақтың иісі олардан тым қашықта болады». (Муслим) Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) арқылы жеткен хадисте: «Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдардың көбісін Жәннатқа кіргізетін нәрсе жайында сұралды. Сонда ол кісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһ алдында тақуалық және көркем мінез», - деп жауап қатты. Сосын адамдардың көбісін Тозаққа кіргізетін нәрсе жайында сұралды. Ол кісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ауыз бен ұятты жер», - деп жауап береді», - делінген. (Тирмизи 1927) Усәма арқылы жеткен хабарда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жәннат қақпасының алдына тұрсам, ішіндегілердің көбісі кедей-кепшіктер екен. Ал мансап (байлық) иелері болса кіргізілмей тұрғанын (байқадым). Ал Тозақ иелері болса Тозаққа (тасталуы) бұйырылған екен. Сосын Тозақ қақпасының алдына барсам, ішіндегілердің көбісі әйелдер екен» - деген. (әл-Бухари 5196; Муслим 2736). Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Ей, әйелдер қауымы, садақа беріңдер және кешірімді көп өтініңдер! Өйткені мен тозақтықтардың көпшілігі сендер екенін көрдім». (Муслим) Жоғарыда аталған аяттар мен хадистерге сүйене отырып, сөзімізді қорытындылайық. Ұятты жерді қорғамай, әуретті жаппай ашық-шашық жүрген әйел – Алланың лағынетіне ұшырайды һәм тозаққа тасталады. Сондай-ақ ол әйел екі өмірде де бақытты болмайды. P.S. Соңғы кездері әлеуметтік желілердегі рияшылдық кең етек жайып барады. Әсіресе әйелдер қауымына қатысты. «Рияшылдық» – істеген ісін Алла үшін емес, ел-жұртқа көрсетіп, мақтаныш мақсатымен жасау. Мысалы әйел кісі хиджабпен түскен суретін әлеуметтік парақшасына жүктейді. Бұл жердегі мақсат жасампаздық. Өзін иманды етіп көрсету және жай ғана суретіне лайк жинау, «Ма ша Алла, қандай имандысың» немесе «Сұлусың, ақылдысың» деген сияқты сөздерді айттырту үшін ғана жасайды. Оған қоса жанында ашық-шашық суреті де тұрады немесе шариғатқа қайшы дүниелерді жасап әдепсіздік танытады. Әйел кісілердің бірде хиджабпен, бірде жалаңаш түскен суреттерін парақшаларына жүктеуі әлеуметтік желілердегі дертке айнала бастады. Иманға шақырып мұның дұрыс емес екендігін енді түсіндіре бастасыңыз бірбеткейлік танытып сөзіңізге құлақ аспайды. Ал мұндай суреттер өз кезегінде «Есьже, я приезжий» сияқты сайтани топтардың қармағына ілініп жатады. Мұсылмандардың осал тұсын іздеп отырған оларға керегі де осы. Дереу аладыдағы Ислам дінінің атына кір келтіреді. «Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді» демекші, жаппай мүмін қыздарды қаралай бастайды. «Мұсылмандардың бәрі осындай екіжүзді», «Істерін істеп алып хиджаб киіп жүргендерді көріп жүрміз ғой», «Күндіз хиджабта, түнде шешініп клубта жүреді», - деп бассалады. Ал жалаңаш жүрген иманы әлсіз қыздар «Қысқа кигеннің бәрі жеңілтек емес, ұзын кигеннің бәрі иманды келмес» деп сайтанның сөзін сөйлеп шыға келеді. «Есьже, я приезжий» сияқты топтар осындай негативті дүниелерді пайдалана отырып, халықты Исламнан шошытуды бастайды. Ал бұл өз кезегінде дінге енді бет бұрып жатқан мұсылмандардың көзқарасын өзгертіп жіберуі әбден мүмкін. Әйелдер қауымы сіздер мұндай іс-әрекетпен тек өздеріңіз күнә арқалап ғана қоймай, Ислам дінінің һәм мүмін қыздардың атына кір келтіріп жатырсыздар. Ислам дұшпандарының жұмысын жеңілдетпеңіздер. Мұндай суреттеріңізді өшіріп тастауларыңызды өтініп сұраймыз. Бір мұсылманды мақтай алмасаң, ең болмағанда жамандама! Пайдалы бола алмасаң, ең болмаса зияныңды тигізбе! Қуандыра алмасаң, ең болмағанда ренжітпе! Рияшылдық ізгі амалдарды өшіреді, сондай-ақ оның сауабы да болмайды. Рияшылдық пен жасандылық Алланың разылығын алуға кедергі болатын дүниелер. Әйелдер қауымының ұятын ояту үшін, еркектер қауымынан бұл мақаланы көптеп таратуды сұраймыз. Алла сіздерге ақыл-парасат және хидаят берсін. Айтылған сөздерге амал етуді нәсіп етсін. Алла елімізді тура жолынан адастырмасын! (с) ҰЛТЖАНДЫ БАУЫРЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ Намыс тобынан алынды

Теги других блогов: продвижение SEO Google